Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы » Жамбыл атындағы орта мектебі
Жетісу облысы білім басқармасының
Панфилов ауданы бойынша білім бөлімінің
"Жамбыл атындағы орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы
07
март
2023

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы


Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы № 137 қаулысы.

       Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін бекіту туралы

       Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

       1. Қоса беріліп отырған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бір ай мерзімде Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру жоспарын бекітсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.


 
 

       Қазақстан Республикасының

 Премьер-Министрі                                                                  А. Мамин


 
 

 Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2021 жылғы 15 наурыздағы
 № 137 қаулысымен
 бекітілген


 
 

 Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі


 
 

 1-тарау. Жалпы ережелер


 
 

 1. Осы Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі (бұдан әрі – модель) Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасының нормалары негізінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы 44/25 қарарымен қабылданған, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның нормалары ескеріліп әзірленді және балаларды дамыту мен оқыту талаптарының өзгеруіне және өзекті ғылыми деректерге сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды трансформациялау үшін қажетті өзгерістер бағытын айқындайды.

 2. Осы модельде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

 1) модель – мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын айқындайтын тәсілдер мен қағидаттар жиынтығы;

 2) баланы толыққанды дамыту – қимыл белсенділігіне жағдай жасау, пайдалы және құнарлы тамақтандыру, достық қарым-қатынас орнату және дамытушы ортаны ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілетін баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік, эмоционалдық денсаулығы мен қауіпсіздігі;

 3) баланың қажеттіліктері – ойынға, қимыл-қозғалысқа, таңдауға, өз өмірін бақылауға, пайдалы іс-әрекетке, жақын жылы қарым-қатынас жасауға, араласуға, жаңа нәрсе жасауға, зерттеуге, эксперименттерге, танымдық белсенділікке қажеттілік;

 4) дамытушы орта – заттар мен ойыншықтарға еркін қолжетімділікті және немен айналысатынын өз бетінше таңдауын, күні бойы өз идеяларын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, балалардың бастамасын қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдары бар орта;

 5) қарым-қатынасты қолдау – ересектердің балаларға деген мейірімді қарым-қатынасы, баланың дербестігін ынталандыруы, әр баланың жеке басын құрметтеуі, балаға қиын сәттерде қолдау көрсетуі; 

 6) инклюзивті білім беру кеңістігі – әр баланың жеке қажеттіліктері ескеріліп ұйымдастырылған орта, онда барлық балалар эмоционалдық, зияткерлік және академиялық қолдауды сезінеді, әлеуметтенуге қатысады және жеке басына, тәрбиелеу мен оқытудағы қалауына қарамастан қатысады;

 7) сапалы маңызды өзара іс-қимыл – педагогтің әр баламен жеке қарым-қатынасы, баланың іс-әрекетіне және оның пікіріне шынайы қызығушылықпен қарау, тыңдау, қолдау көрсету, балаға жылы қарым-қатынас көрсету;

 8) ерте дамыту – баланың туғаннан бастап мектепке барғанға дейін дамуы; 

 9) сәби жасы – туғаннан бастап үш жасқа дейінгі кезең;

 10) педагог – педагогикалық немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам.

 3. Модель ұлттық құндылықтарды балаларды ерте жастан толыққанды дамытудың заманауи теорияларымен үйлестіруге бағытталады. 


 
 

 2-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау


 
 

 4. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі –  Заң) айқындалған. 

 5. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту білім беру жүйесінің бірінші деңгейі ретінде отбасында немесе бір жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда; бес жастан бастап балаларды мектепалды даярлау отбасында немесе меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады. 

 6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) білім беруді, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім беру Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарының тізбесіне енеді.

       7. Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту бойынша жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарынан шыққан балалардың сапалы білім алуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға және қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. 

       8. Елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекітілген Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2020 жылдарға арналған "Балапан" бағдарламасының арқасында кеңейді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу үшін жеке бизнесті тарту және мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар желісі 13 есе – 2010 жылы 347 бірліктен 2020 жылы 4556 бірлікке дейін ұлғайды.   

       9. 2021 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 10759 бірлікті құрады, оның ішінде 6949 балабақша және 3696 шағын орталық, 6080 мемлекеттік және 4679 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар, оларға 1-6 жастағы 903 мыңнан аса бала барады. 

      10. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамту мәселелері көбіне соңғы 10 жылда шешілді. Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттары модельді іске асыруда көзделген сапалық көрсеткіштерді арттыруға бағытталған.

       11. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар: 

       1) балалармен жұмыста қолданылатын әдістер мен нысандардың заманауи талаптарға сәйкес келмеуі; 

       2) балалардың танымдық қызығушылықтары мен білуге құмарлығы, дербестігі жеткілікті ескерілмеуі; 

       3) білім берудің әртүрлі деңгейлерінде алынатын негізгі дағдылар жиынтығындағы сәйкессіздіктің өмір бойы оқыту жүйесін (lifelong learning) құруға кедергі жасауы; 

       4) көрсетілетін қызметтер сапасының төмендігі, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасын өлшеу және бағалау жүйесінің болмауы;  

       5) кадрлар жасының ұлғаюы және жетіспеуі; 

       6) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіндегі педагог мамандығы беделінің болмауы; 

       7) кадрлардың тұрақтамауы; 

       8) педагогтерді даярлау бағдарламалары мазмұнының әлемдік ғылымның заманауи үрдісіне сәйкес келмеуі;  

       9) ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқшаулануы; 

       10) инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау үшін мамандар тапшылығы; 

       11) ата-аналар қауымымен байланыстың жеткіліксіздігі. 

       12. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасын бағалау жүйесінің болмауы, тексеру рәсімін оңайлату, лицензиялауды алып тастау, мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне хабарлама тәртібін енгізу мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметі сапасының төмендеуіне алып келді.  

       13. Қазақстанда ECERS-R сапаны бағалаудың халықаралық шкаласы бойынша өткізілген зерттеу 7 балдық шкала бойынша 4,1 балл деңгейін көрсетті, бұл "орташа сапа" бағасына сәйкес келеді, ал "жақсы сапа" 5 балдан басталады. "Баланы қарау және күтім жасау" шкаласы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар жоғары көрсеткішті иеленді, "Бағдарламаны құрылымдау", "Өзара ынтымақтастық", "Сөйлеу және ойлау" және "Заттық-кеңістіктік орта" кіші шкалалары, әсіресе, балалардың еркін ойыны және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жағдайлар бойынша баға 4,0-ден төмен болды. Текшелер, математика, ойын, табиғат/ғылым, музыка/қимыл, өнер, ұсақ моторика және т.б. көрсеткіштер бойынша "Белсенділік түрлері" кіші шкаласы бойынша балдар ең төмен. Ортаның жабдықталуы мен балаларға қолжетімділігінің төмендігі. Зерттеу баланың педагогпен өзара әрекетіне, баланың эмоционалдық дамуына, жеке тәсілді күшейтуге және баланың қызығушылығын қолдауға назар аудару қажеттілігін көрсетті. 

       14. Мемлекеттік бағдарламада мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту деңгейінде білім беру қызметтерінің сапалық көрсеткіштерімен байланысты индикаторлардың шектеулі саны айқындалған, олар – балалардың сауаттылық дағдылары, мектепке дейінгі ұйымдармен қамту, педагогтердің білім деңгейі, ал халықаралық практикада мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасы – көптеген компоненттерді қамтитын және жергілікті контексті көрсететін ауқымды ұғым. 

      15. Сапа көрсеткіштерінің үш тобы бар, балаларды оқыту және күтім жасау саласында қызмет көрсететін ұйымдардың сапасын бағалаудың әрбір халықаралық құралы осы көрсеткіштердің өзіндік теңгеріміне ие:

       1) құрылымдық сапа – мектепке дейінгі ұйым дизайны, оны ұйымдастыру және кеңістікті ішкі ұйымдастыру, педагогтердің білім деңгейі мен кәсібилігі, куррикулум дизайны, қаржылық реттеу, балалар санының ересектер санына арақатынасы, балалармен жұмыс жүргізудегі жеке тәсіл, балалар қауіпсіздігі үшін жағдайлар, аккредиттеу; 

       2) процестің сапасы – мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер нені қалай жасайды, ойынға қанша уақыт бөлінеді, педагог пен балалар және балалар арасындағы маңызды өзара әрекет, күтім мен білім күнделікті практикаға қаншалықты кіріктірілген, оның балаға мейірімді және оның қажеттіліктеріне сай келуі, педагогтердің әр баланың отбасымен өзара қарым-қатынасы, ата-аналардың қатысуы және мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің күнделікті практикасы;  

       3) нәтиженің сапасы – балалар, отбасы, қоғам нақты бір мектепке дейінгі ұйымнан қандай пайда алады, бұл нәтиже балалардың аман-саулығын, балалардың эмоциялық, моральдық, психикалық, психологиялық аман-саулығы мен дамуын, әлеуметтік дағдыларын, болашақ өмірге дайындығын, балалардың денсаулығы мен олардың мектепке дайындығын өлшеуге қалай әсер етеді.  

       16. Бұл көрсеткіштердің көбі Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде ескерілмейді. Үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып және оған сәйкес мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесін одан әрі дамыту, мектеп жасына дейінгі балалар үшін сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және ата-аналар қауымының сапалы қызметтер алуға қажеттіліктерін қанағаттандыру қажет. 


 
 

       3-тарау. Модельдің мазмұны 

 Модельдің мақсаты мен міндеттері

 17. Модельдің мақсаты – дені сау, дербес, білуге құмар, көпшіл, сын тұрғысынан ойлайтын балаларды қалыптастыру мен әлеуметтендіруге бағытталған тәрбиелеу мен оқыту жүйесін өзгерту арқылы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың бағыттары мен қағидаттарын айқындау. 

 18. Модельдің міндеттері:

 1) инклюзивті білім беруді қоса алғанда, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының икемділігін қамтамасыз ету арқылы педагогикалық процесті ғылыми негізде жетілдіру жолымен мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мазмұнын өзгертуге жағдай жасау;  

 2) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мазмұнындағы өзгерістерді нормативтік құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;

 3) сапа өлшемшарттарын айқындау арқылы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын арттыру және білім берудің сапасын бағалау құралын әзірлеу;

 4) қазіргі заманғы теорияларды ұлттық ерекшеліктермен үйлесімді ұштастыру негізінде баланы ерте дамыту процесінің тұтастығын қамтамасыз ету;

 5) ғылыми негізде вариативтік оқу бағдарламаларының құрылымын әзірлеу және бағыттарын айқындау;

 6) педагогтердің деңгейінде және білім беру ұйымдарының деңгейінде мектепке дейінгі ұйымдардың күнделікті жұмысында зерттеу жұмысының мәдениетін қалыптастыру;

 7) педагогтердің кәсіби өсуінің үздіксіздігін қамтамасыз ету;

 8) өзара әріптестік іс-қимыл орнату арқылы ата-аналардың білім беру қызметтеріне қанағаттануын қамтамасыз ету. 

 19. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды, дамыту мен білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар: 

 1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларының мазмұны мен іске асыру шарттарын реттейтін нормативтік құқықтық базаны жаңарту; 

 2) ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету; 

 3) вариативтік оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

 4) тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау өлшемшарттарын әзірлеу; 

 5) балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыру тәсілдерін жетілдіру;

 6) педагогтерді даярлау бағдарламаларын жетілдіру және балаларды ерте дамыту әдістемесі бөлігінде мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын өзектілендіру.

 Нормативтік құқықтық сүйемелдеу 

 20. Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңінде балаларды дамыту, тәрбиелеу және оқыту процестерін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері мен жаңа тиімді нысандарын іздеуді талап ететін мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінде терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" стратегиясы" атты Қазақстан халқына Жолдауында, Мемлекеттік бағдарламада, Заңда және басқа да негізгі нормативтік құжаттар мен заңға тәуелді актілерде көрініс тапты. Осы нормативтік құқықтық құжаттарда Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесін жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздері қаланды. 

 21. Модельді іске асыру мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласында ғылыми зерттеулер жүргізгеннен, білім беру қызметтерінің сапасын, даму жағдайларын жақсарту және арттыру бойынша ұсынымдар әзірленгеннен кейін ілеспе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейді.

 Дамыту, тәрбиелеу және оқыту процестері тәсілдерін өзгерту

 22. Қазіргі әлемде білімге деген көзқарас балалар өмір сүріп, өсіп жатқан, жылдам өзгеріп отыратын болмыспен бірге өзгеруде. Білімді баланың туылған сәтінен бастап өмір бойы жалғасатын процесс ретінде қарау білім беру процесін ұйымдастырудың икемді стандарттарын қабылдауды қажет етеді. Балалар көп уақытын білім беру ұйымдарында өткізеді, бұл балалардың мәдени және этникалық әртүрлілікке құрмет көрсетілетін үйлесімді, мейірімді, дамытушы, инклюзивті, әділ ортада балалық шағын өткізуі үшін тиісті жағдайлар жасаудың маңыздылығын түсінуге әкеледі.

 23. Бала өзінің әлем жайлы жеке түсінігін қалыптастыру құқығы мен мүмкіндігі бар оқуға белсенді қатысушы ретінде қабылдануы тиіс. 

 24. Мектепке дейінгі кезең – мектепке дайындық сатысы, баланың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту кезеңі. Демек, бала өміріндегі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту тәсілінің ұйымдастырылған оқу қызметінен баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әр баланың әлеуетін барынша дамытуға жағдай жасауға қарай өзгеруі тиіс. Педагогтің алдын ала жоспарлаған әрекеттерін орындап қана қоймай, баланың қызығушылығына көңіл бөліп, күнді өзі таңдаған белсенділік түріне қарай құрудың маңызы зор.  

      25. Тәрбиелеу мен дамыту ерте балалық шақтан басталады, бұл ғылыми тұжырымдармен дәлелденген. Балаларды тәрбиелеуде отбасындағы жайлы жағдай, ата-аналардың моральдық қасиеттері зор маңызға ие. Сондықтан балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру қажет.

       26. Бірге ойнау дағдыларын, еңбек әрекеті дағдыларын, тазалықты, тәртіптілікті, ұйымшылдықты, ойлауды, қабылдауды, сурет салуды және басқа дағдыларды меңгерту ойын нысанында іске асуға тиіс. Ойын – баланың негізгі   әрекеті және дамытудың негізгі құралы. 

       27. Әлеуметтік-эмоционалды оқыту баланың дамуындағы маңызды компонент болып табылады. Ол өз эмоцияларын түсіну мен басқарудан, эмпатиядан және үнемі дамып отыратын қарым-қатынас дағдыларынан тұрады. Бала тәрбиешілермен және мектепке дейінгі ұйымның басқа да ересек адамдарымен қарым-қатынаста неғұрлым сабырлы болса, баланың психоэмоциялық аман-саулығының негізі болып табылатын оның эмоциялық және әлеуметтік құзыреті де сапалы дамиды. Мектепке дейінгі ұйымдар мен үйде балалардың әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамытуға ерекше назар аудару қажет. 

       28. Балаларға арналған жағдайларды ұйымдастыруға қойылатын талаптардың өзгеруі 1 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін баланы дамыту процестері туралы заманауи ғылыми негіздемелерге сәйкес келтірілетін нормативтік құқықтық актілерді қайта қарауды да көздейді. 

       29. Заманауи әлемдік үрдістер педагогтердің әр баланың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауға баса назар аударатынын көрсетеді, яғни баланы дамыту, тәрбиелеу мен оқыту процестеріне жеке тәсілді қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларға басымдық беру қажет. 

      30. Мектепке дейінгі ұйымдарға даму бағытын дербес анықтау мүмкіндігі берілетін болады, оның негізінде балама дамыту бағдарламалары әзірленеді және педагогикалық кеңесте бекітіледі.

       31. Мектепке дейінгі ұйымдар вариативтік жеке бейімделген бағдарламаларды, оқытудың әртүрлі әдістемелері мен технологияларын, білім беру процесін ұйымдастырудың нысандарын, әдістерін, тәсілдерін пайдаланады; баланың даралығы мен субъективтілігін, өмірлік қажетті физикалық, әлеуметтік, эмоционалдық, коммуникативтік, танымдық дағдыларды дамытуды қолдауға бағдарланған кедергісіз дамытушы ортаны, трансформацияланатын ойындар мен тақырыптық аймақтарды құрады. 

       32. Педагогтер үшін балалардың жастары ескеріле отырып, оқу үшін әртүрлі ойындардың үлгілерін қамтитын апталық циклограммалардың үлгілері, түрлі жас топтарындағы балалармен ойындарды ұйымдастырудың технологиялық процесінің алгоритмі, дамытушы ойындар өткізу әдістемелері бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленетін болады.  

       33. Сәби жасындағы және мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту ұйымдастырылған оқу қызметі, күнделікті практика мен өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады. 

       34. Педагогтің рөлі – күні бойы балалармен әңгімелесуде денсаулық, қарым-қатынас, математика негіздері және білімнің басқа да салалары туралы білімді бойларына дарыту (педагог тамақтану кезінде денсаулық пен тамақтанудың маңызы туралы, серуенде табиғат туралы балаларға әңгімелеп береді). Қарым-қатынас дағдыларын педагог өзі көрсетуге тиіс. Балалармен диалог жүргізуде педагог қарым-қатынас тәсілдерін көрсетеді, әңгімелесушінің сезімін ескеру қажеттілігін түсіндіреді, сыпайылық пен адамдармен араласу қағидалары туралы айтады. Бала тәрбиесіндегі халық ауыз әдебиетінің маңызын ескере отырып, баланың ертегілер мен кітаптарға қызығушылығын қолдау қажет. Сәбилер мен мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшелігі – олар белсенді әрекеттер мен практика арқылы үйренеді. Сондықтан ұйымдастырылған оқу қызметі тек ойын түрінде өткізілуге тиіс.  

      35. Білім беру салаларының міндеттері бала сол сәтте өзіне қызықты білімді өз бетінше таңдай алатын қолжетімді заттық-кеңістіктік ортаны ұйымдастыру арқылы іске асырылуға тиіс. Педагогтің міндеті – балалардың қызығушылықтарын атап өту, оқу әрекеті барысында әр баламен сөйлесу. Сабақ нысандарын педагог таңдауға тиіс.

      Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін әдістемелік қолдау

      36. Мектепке дейінгі білім беру сапасының деңгейі жоғары елдерде саладағы ағымдағы проблемаларды қадағалауға және тиісті ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретін эмпирикалық және қолданбалы зерттеулер тұрақты негізде жүргізіледі, ал педагогтер қызметін өзекті ғылыми деректерге сәйкес құрады, өз әрекеттеріне зерттеу жүргізе отырып, практикаларды, балалардың пікірлерін ескереді және кері байланыс орнатады, зерттеу қызметімен тұрақты түрде айналысады. Бұл үшін педагог шеберлігінің тиісті деңгейі және үнемі даму мен оқуға деген ұмтылыс қажет.

      37. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін ғылыми негіздеу және қолдау мәселесін шешу үшін "Мектепке дейінгі балалық шақ" республикалық орталығының базасында Балаларды ерте дамыту институты, өңірлердегі әдістемелік кабинеттердің жанында балаларды ерте дамыту мәселелері жөніндегі мобильді топтар құрылады, олардың қызметіне мынадай функциялар кіреді:

      1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың педагог қызметкерлеріне білім беру бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды, оқыту әдістерін іске асыруда, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеуде, білім беру процесін ұйымдастыру мен басқаруда, оны психологиялық қолдауда әдістемелік көмек көрсету;

       2) жұмыс тәжірибесін жинақтауды, талдауды және жүйелеуді қамтамасыз ету, жұмыстың тиімді нысандары мен олардың нәтижелері туралы деректер банкін құру; 

       3) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметінің бағытына сәйкес әдістемелік жұмыстың мазмұнын әзірлеу жөнінде шығармашылық топтар құру; 

       4) педагогтерге әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың әртүрлі нысандары арқылы кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасау; 

      5) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту педагогтеріне педагогикалық ұжымның және жеке педагогтердің жұмыс тәжірибесімен танысу үшін жағдайлар жасау.

      Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау

      38. Білім беру қызметтерінің жоғары сапасына кешенді көшуді жүзеге асыру, мектепке дейінгі сапалы білімге барлық балалардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі проблемаларды анықтау үшін мынадай мәселелер бойынша зерттеулер жүргізіледі: білім беру қызметтерінің сапасы, эргономикалық жағдайлар, теңгерімді тамақтану; білім беру қызметтерінің сапасын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттары, көрсетілетін қызметтердің сапасын өлшеу және оны арттыру бойынша шаралар қабылдау үшін мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау құралы әзірленеді; бүкіл әлемде кешенді бағалау құралы ретінде қолданылатын сәбилік шақтағы қоршаған ортаның ECERS рейтингтік шкаласын қолдана отырып, мектепке дейінгі білім беру сапасын тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесі енгізіледі.

      39. Баланың жасына және деңгейіне сәйкес келетін ресурстардың мол таңдауы бар жоғары сапалы білім беру кеңістігі баланың өзіндік оқуындағы белсенді рөлінде маңызды құрамдас болып табылады.

       40. Мектепке дейінгі ұйымдарда жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша "көп функционалдық" параметрінің төмен көрсеткіші анықталды. Мектепке дейінгі ұйымдарда материалдық-техникалық жарақтандыруға және жағдай жасауға ерекше назар аударылатын болады, сәби жасындағы балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, заттық-кеңістіктік ортаның тиімділігін, қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған эргономикалық шешімдер қабылданатын болады. 

       41. Мектепке дейінгі ұйымдар оқыту сапасын арттыруға, еркін, мәдени, білімді, рухани дамыған және дені сау, әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін жайлы жағдайлар, қолжетімді кеңістіктік-білім беру ортасын құруға тиіс.  

      42. Құнарлы тамақтану балалардың денсаулығы мен үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін маңызды және тиімді алғышарттардың бірі болып табылады, ол баланың қалыпты өсуіне, ағзалар мен тіндердің дұрыс дамуына, қаңқа, орталық жүйке жүйесі мен ақыл-ойдың қалыптасуына ықпал етеді, ағзаның қорғаныш күштерін арттырады.

      43. Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды теңгерімді тамақтандырудың қамтамасыз етуді зерделеу жөніндегі зерттеулердің қорытындылары бойынша заманауи ғылыми зерттеулердің деректеріне сәйкес келетін мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандырудың нормалары әзірленетін болады.

      Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіндегі педагог

      44. Құбылмалы әлемде педагогтің үнемі даму, балаларды тыңдай білу, сұрақтар қою, дәлелдер іздеу, оларды сыни тұрғыдан талдау және шығармашылық эксперименттер жүргізу қабілеті маңызды. Педагогтер белсенді зерттеуші және балалармен жұмыс істеудің жаңа нысандарын жасаушы, жаңашыл және жауапты болуы тиіс.

      45. Модельді іске асыру жоғары оқу орындары мен колледждердің қатысуымен мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру мәселесін шешуде кешенді тәсілдерді болжайды:

       1) жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық факультеттерінің білім беру бағдарламалары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кадрлар даярлауды көздеуі, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын іске асыру үшін әдістемелік базаны, студенттердің педагогикалық практикадан өтуін қамтамасыз етуге тиіс; 

      2) кадрларды даярлауда теория мен практиканың бірлігі үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің мектепке дейінгі ұйымдармен балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылы қамтамасыз етілуі қажет;

      3) балаларды ерте дамыту саласындағы мамандықтар профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру арқылы жоғары оқу орындарының институционалдық әлеуетін ұлғайту мақсатында "Болашақ" халықаралық стипендиясының басым мамандықтар тізіміне енгізілетін болады.

      46. Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері:

      1) көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасына мониторинг жүргізуді;

       2) дамытушы бағдарламалардың бағыттарын бірге анықтауды; 

      3) балаға арналған дамытушы бағдарламаларды ата-аналармен бірге таңдау мүмкіндігін ұйымдастыру үшін балалардың қызығушылығын зерделеуде педагогке көмек көрсетуді;

      4) педагог практикасындағы нақты мәселелерді анықтауда оған көмек көрсетуді;

      5) педагогтерге ойын аймақтарын ұйымдастыруда, оқу ресурстарын таңдауда әдістемелік көмек көрсетуді;

      6) балаларды тәрбиелеу мен оқыту процесін әдістемелік сүйемелдеуді;

      7) педагогтердің практикасын тәжірибе алмасуға, біліктілігін арттыруға, өзін танытуға мүмкіндік жасау арқылы жетілдіруді;

      8) инновациялық тәсілдерді енгізуді жүзеге асыруы тиіс.

      Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін жағдайларды қамтамасыз ету

       47. Инклюзивтік білім беруді дамыту: 

      1) ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қоғамның оң көзқарасының философиясын қалыптастыру;

      2) инклюзивті білім беру процесін ғылыми және оқу-әдістемелік қолдауды жетілдіру;

      3) ерекше білім беруді қажет ететін балаларды білім беру ортасына қосу процесін психологиялық-педагогикалық қолдаудың практикаға бағдарланған технологияларын қолдану тетіктерін, нысандарын, тәсілдерін әзірлеу және енгізу;

      4) ерекше білім беруді қажет ететін балаларды ерте анықтау жүйесін жетілдіру және психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру;

      5) мектепке дейінгі және мектепте білім беру деңгейлері арасында инклюзивті технологиялар сабақтастығын жүзеге асыру;

      6) инклюзивті білім беруді ақпараттық-консультациялық қолдауды жүзеге асыру; қызметі инклюзивті білім беру мәселелерін шешуге байланысты ұйымдармен әлеуметтік әріптестікті дамыту (инклюзивті практиканы жүзеге асыратын мектепке дейінгі ұйымдар; инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурстық орталықтар, ғылыми-зерттеу орталықтары, жоғары оқу орындары, арнайы білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар);

      7) инклюзивті білім беру теориясы мен практикасының озық тәжірибесін зерделеу мақсатында шетелдік ұйымдар мен әріптестердің ынтымақтастығын тереңдету;

      8) инклюзивті практиканы жүзеге асыратын мектепке дейінгі ұйымдардың қажеттілігін болжау жүйесін дамыту;

      9) ерекше білім беруді қажет ететін балалар келетін топтарды қажетті білікті мамандармен қамтамасыз ету (логопед, олигофренопедагог, тифлопедагог, сурдопедагог және т.б.) арқылы қамтамасыз етіледі.

      Ата-аналармен және ата-аналар қауымдастығымен жұмыс

 48. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда баланың өмірі мен дамуына ықпал ететін барлық факторларды ескеру қажет. Демек, баламен жұмысты ата-аналарымен, қоршаған ортамен өзара ынтымақтастықта құру аса маңызды. Барлық ерекшеліктерді: әлеуметтік жағдайды, отбасы тарихын, елдің мәдени ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін, баланың мінез-құлқы мен ерекшеліктерін ескеру қажет. Ата-аналармен үнемі қарым-қатынаста болу және оларды бейімдеу мен оқыту процестеріне тарту мектепке дейінгі ұйым ұжымының басты міндеттерінің бірі болуға тиіс.

 49. Жаңа нормативтік-мазмұндық тәсілдерді іске асыру жағдайында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың алдына ашықтықты, ата-аналармен тығыз ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды көздейтін нысаналы бағдарлар қойылады. Білім беру жүйесінің алдына қойылған міндеттер оқу-тәрбиелеу процесінің нәтижелі болуы үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Балаларды дамыту, тәрбиелеу және оқыту процесіне ата-аналарды тарту мәселесі мынадай бағыттарда шешіледі:

      1) ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру;

 2) ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымның қызметіне тарту.

 50. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жүйесінің алдына балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін жауапкершілікті іске асыруда ата-аналарға көмек көрсету жолымен оларды педагогикалық процеске белсенді қатысушылар ретінде тарту мақсаты қойылған. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін:

 1) әр тәрбиеленушінің отбасымен әріптестік қарым-қатынас орнату;

 2) балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру;

 3) өзара түсіністік атмосферасын құру, мүдделердің ортақтығын, мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушілері мен педагогтері, ата-аналар арасында қарым-қатынасқа деген оң көзқарас пен тілектестікті қолдау;

 4) балалардың ата-аналарымен және заңды өкілдерімен сындарлы ынтымақтастықта қарым-қатынас орнату үшін педагогтерді даярлау көзделеді. 

 51. Ата-аналармен жұмыста ата-аналар жиналыстарының жаңа форматтары пайдаланылатын болады, олар тренингтер, семинарлар, "игі істер күндері", ата-аналардың қатысуымен педагогикалық кеңес, ата-аналар конференциясы, ата-аналармен бейресми байланыс орнатуға, олардың назарын мектепке дейінгі ұйымға аударуға бағытталған дәстүрлі емес қарым-қатынас нысандары түрінде өтуге тиіс, ата-аналар өз баласын жақсы білуі керек, оны басқа, өзі үшін таныс емес жағынан көруі тиіс, педагогтермен өзара қарым-қатынаста болуы қажет. Жеке және топтық консультациялар, ата-аналар жиналыстарын, проблема бойынша пікірталастар, "ауызша журналдар", педагогикалық қонақ бөлмелерін, сұрақ-жауап кештерін, "ток-шоу" өткізу, сабақтардың бейнежазбаларын және режимдік сәттерді қарау, содан кейін талқылау және басқалары ұсынылады. Мектеп жасына дейінгі ересек балалардың ата-аналары үшін белсенді етудің интерактивті әдістерін қолдану, сұхбаттасу, талқыланатын проблеманы рейтингтік бағалау, әрқилы бірнеше көзқарасты талқылау ұсынылады.


 
 

 4-тарау. Күтілетін нәтижелер

 52. Модельді іске асыру:

 1) мектепке дейінгі ұйым деңгейінде:

 мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың білім беру процесінің барлық қатысушыларының өзара іс-қимылы арқылы бақытты, дені сау, дербес, білуге құмар, тіл табысқыш, сын тұрғысынан ойлайтын балалардың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауға;  

 вариативтік оқу бағдарламаларын әзірлеуге, оқытудың әртүрлі әдістемелері мен технологияларын, білім беру процесін ұйымдастырудың нысандарын, әдістерін, тәсілдерін пайдалануға;

 баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған трансформацияланатын ойын және тақырыптық аймақтар, инклюзивті дамытушы орта құруға;

 ұлттық мәдениет пен дәстүр арқылы рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде баланың жеке қасиеттерін қалыптастыруға;

 отбасымен ынтымақтастық нысандарын кеңейтуге;  

 теңгерімді тамақтандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеуге;

 мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау өлшемшарттарын әзірлеуге;

 сәби жасындағы балалар үшін жағдай жасауға;

 2) педагогтер деңгейінде: 

 қазіргі жағдайларда жұмыс істеу үшін білікті педагогтер даярлауға;

 педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етуге;

 баланың даму процесін жетілдіру мақсатында кері байланыс орнатуға, зерттеу мәдениетін құруға;

 қазіргі жағдайда жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді дамытуға;

 "мамандыққа кіріспе" курстарынан өтуді (жас мамандар үшін) қамтамасыз етуге;

 3) балаларға:

 физикалық аман-саулықты;

 әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттілікті;

 когнитивтік және қарым-қатынас дағдыларын дамытуды;

 таным мен зерттеуге деген жоғары ішкі мотивацияны дамытуды;

 бастамашылдықты, дербестік пен жауапкершілікті дамытуды;

 өзіне және айналасындағыларға қамқорлық көрсетуді;

 өз бетінше саналы таңдау жасай білуді;

 командада жұмыс істей білуді;

 сын тұрғысынан ойлауды дамытуды;

 креативтілікті қолдауды;

 психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз етуге;

 4) ата-аналарға:

 білім беру процесінің қатысушылары болуға;

 баланың психикалық және физикалық денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге;

 баланың жеке мүмкіндіктерін дамытуға;

 көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасына қанағаттану деңгейін арттыруға;

 үйде баланың толық дамуы үшін жағдай жасауда консультациялық көмек алуға мүмкіндік береді.


 
 
 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК